Нәрестенің Даун Синдромымен дүниеге келуі, әрине, көп жағдайда әр ата-ана үшін «үлкен тосынсый» болып табылады. Не істеу керек? Әрі қарай қалай өмір сүру керек? Кім кінәлі? Алғашқы уақытта осы және басқа да сұрақтар «ерекше нәрестені» дүниеге келген әрбір отбасын мазалайды. Кейде баласы туралы естіген ата-ана есеңгіреп, абыржыған күйінде нәрестені перзентханада қалдырып, тастап кетіп те жатады. Осындай отбасыларға қолдау көрсетіп, дұрыс шешім қабылдаулары үшін жол сілтегіміз келеді. Осы мақсатта біздің қор Даун Синдромымен туылған нәрестелердің ата-аналарына күйзеліс жағдайында психологиялық көмек көрсетіп, балаларды тәрбиелеу, дамыту ерекшеліктері, түзету-педагогикалық қолдау орталықтарының байланыстары, заңнама бойынша көзделген төлемдер мен жеңілдіктер туралы ақпарат беретін арнайы әдебиеттер ұсынады, сонымен қатар жоғары білікті мамандарды табу және т.б.қызмет түрлерін ұсынады. Қор жанындағы түзету орталығында біз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ата-аналарға кеңес береміз.